A- A A+
Ақмола облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы Ақмола облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметi туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) «А» корпусы — кадр резервiне iрiктеудiң, конкурстық iрiктеудiң, мемлекеттiк қызметтi өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртiбi, сондай-ақ арнайы бiлiктiлiк талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;

2) «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервi — «А» корпусының бос не уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасуға үмiткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қалыптастырылып, жүйеленген тiзiмi;

3) «Б» корпусы — «А» корпусына енгiзiлмеген мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;

4) бонус — Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қызметшiлерге қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау нәтижелерi бойынша белгiленетiн ақшалай төлем;

5) бiлiктiлiк талаптары — мемлекеттiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға бiлiмi, жұмыс тәжiрибесi және құзыреттерi бойынша қойылатын талаптар;

6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметi (бұдан әрi — мемлекеттiк қызмет) — мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктердi атқару жөнiндегi қызметi;

7) құзыреттер — нақты мемлекеттiк лауазымда кәсiби қызметтi тиiмдi түрде атқару үшiн қажеттi бiлiмнiң, икемнiң және дағдылардың жиынтығы;

8) лауазымды адам — билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды атқаратын адам;

9) лауазымдық өкiлеттiктер — нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетiн құқықтар мен мiндеттер;

10) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi — Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметiн тұрақты кәсiби негiзде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;

11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты — тиiстi бiлiктiлiк талаптары бар мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;

12) мемлекеттiк қызметшi — мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;

13) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдебi (бұдан әрi — қызметтiк әдеп) — мемлекеттiк қызметшiлердiң осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң әдеп кодексiнде белгiленген мiнез-құлық қағидалары;

14) мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi — уәкiлеттi орган) — Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, мемлекет қызмет саласында бiртұтас мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

15) мемлекеттiк лауазым — нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер шеңберi жүктелген мемлекеттiк органның құрылымдық штат бiрлiгi;

16) мемлекеттiк саяси қызметшi — тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыруға жауаптылықта болатын мемлекеттiк қызметшi;

17) мүдделер қақтығысы — мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына әкеп соғуы мүмкiн болатын кездегi мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi мен оның лауазымдық өкiлеттiктерi арасындағы қайшылық;

18) тәлiмгер — мемлекеттiк қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттiк қызметшiге бекiтiлетiн, оның кәсiби бейiмделуiне практикалық көмек көрсететiн мемлекеттiк қызметшi;

19) төменгi лауазым — мемлекеттiк органның штат кестесiнде көзделген лауазымдар санаттарының арасында лауазымдар тiзiлiмiне сәйкес санаты төмен тұрған болып табылатын, «Б» корпусы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң мемлекеттiк лауазымы;

20) уақытша бос мемлекеттiк лауазым — мемлекеттiк лауазымды атқаратын мемлекеттiк қызметшiнiң iссапарға баруына, әлеуметтiк демалыста не мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде оқуда болуына, сондай-ақ ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзiмi белгiленген аурулар тiзбесiне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екi айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттiк лауазым;

21) уәкiлеттi комиссия — Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттiк органдарға шетелдiк жұмыскерлердi тарту мәселелерiн қарайтын комиссия, оның ережесi мен құрамын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi;

22) үстемеақы — «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен белгiленетiн лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;

23) iссапарға бару — Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қызметшiлердiң бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттiк лауазымы) сақтала отырып, басқа мемлекеттiк органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелерiнде және өзге де ұйымдарда мемлекеттiк лауазымдарға орналасуы.

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет

саласындағы заңнамасы

1. Мемлекеттiк қызметтiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексi, осы Заң, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi құрайды.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылуы

1. Осы Заңның күшi:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заңнамалық актiлерiнде олар үшiн өзгеше құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттiк қызметшiлерге;

2) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде реттелмеген бөлiгiнде жергiлiктi өкiлдi органдар тағайындайтын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланатын мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге;

3) Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметi туралы заңнамалық актiлерiнде көзделген ерекшелiктерi бар құқық қорғау қызметiн өткерiп жүрген мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады.

2. Осы Заңның күшi:

1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдарға;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және оның ведомстволарының қызметшiлерi мен техникалық қызметшiлерiне;

3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты негiзiнде қызметiн мемлекеттiк органдарда жүзеге асыратын адамдарға, оның iшiнде мемлекеттiк органдардың шетелдiк жұмыскерлерiне қолданылмайды.

4-бап. Мемлекеттiк қызметтiң негiзгi қағидаттары

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызмет:

1) заңдылық;

2) қазақстандық патриотизм;

3) мемлекеттiк билiктiң заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;

4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;

5) мемлекеттiк органдар қызметiндегi тиiмдiлiк, нәтижелiлiк, ашықтық;

6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге тең құқығы;

7) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;

8) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi;

9) меритократия — мемлекеттiк қызметшiнiң жеке сiңiрген еңбектерi мен жетiстiктерiн мойындау, оны қабiлеттерi мен кәсiби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлету;

10) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төмен тұрған мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi үшiн мiндеттiлiгi;

11) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;

12) мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;

13) әдептiлiк;

14) құқық бұзушылықтарға төзбеушiлiк;

15) мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;

16) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;

17) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекақыны тең төлеу;

18) мемлекеттiк қызметшiлердi лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;

19) мемлекеттiк қызметшiлердi оқытудың және қажеттi құзыреттерiн дамытудың үзiлiссiз болуы;

20) мемлекеттiк қызметшiлердi даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың бiлiктiлiгiн арттырудың практикалық бағдарлануы қағидаттарына негiзделедi.

2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.

5-бап. Уәкiлеттi орган

1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесiн уәкiлеттi орган, оның аумақтық бөлiмшелерi, уәкiлеттi органға ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.

Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.

2. Уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;

2) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлейдi және бекiтедi;

3) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi автоматтандырылған бiрыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйенi) қалыптастыру бойынша жалпы үйлестiрудi қоса алғанда, мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң кадр құрамының жай-күйiне, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтiң мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк лауазымдарына мониторинг жүргiзедi;

4) «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiн қалыптастырады;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметiне кiретiн азаматтарды тесттен өткiзу тәртiбiн, бағдарламаларын және оны ұйымдастыруды айқындайды;

6) осы Заңға сәйкес мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн, сондай-ақ актiлердi әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;

7) министрлiктер мен орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшыларының және аппарат басшыларының мәртебесi мен өкiлеттiктерiн айқындайтын актiлердi әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;

8) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi, оның iшiнде шет елдерде даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;

9) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды үйлестiредi;

10) мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын, мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдептi сақтауын, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн айқындайды;

12) кандидаттың қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келуi бөлiгiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындауды келiседi;

13) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң лауазымдық нұсқаулығын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн айқындайды;

14) персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) туралы үлгiлiк ереженi бекiтедi;

15) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадрдағы iс қағаздарын жүргiзу құжаттарының үлгiлiк нысандарын әзiрлейдi және бекiтедi;

16) осы Заңды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы лауазымды адамдар мен мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгiзедi;

17) мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша тексеру нәтижелерiнде анықталған бұзушылықтарды жою туралы өз құзыретi шегiнде қаралуы мiндеттi ұсынулар енгiзедi;

18) мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысады;

19) мемлекеттiк органдарда персоналды басқару тиiмдiлiгiн бағалауды жүзеге асырады;

20) персоналды басқару қызметтерiнiң (кадр қызметтерiнiң) жұмысына әдiснамалық басшылық жасауды үйлестiредi және жүзеге асырады;

21) мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондай-ақ қызметтiк әдептi сақтау мәселелерi бойынша әрекеттерi (әрекетсiздiгi) мен шешiмдерiне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды;

22) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң тағылымдамадан өтуiн ұйымдастыру жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;

23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада Әдеп жөнiндегi кеңестерi болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

4. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.

6-бап. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi)

1. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) өз құзыретi шегiнде:

1) мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын орындауы жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;

2) тәртiптiк, конкурстық және кадр мәселелерi жөнiндегi өзге де комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады;

3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмысын бағалауды жүргiзу, конкурстық iрiктеу, мемлекеттiк қызметшiлердi қызмет бабында iлгерiлету, қызметтiк тергеп-тексеру, мемлекеттiк қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту, мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтен шығару рәсiмдерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;

4) кадрлар iрiктеудi ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi өткеруiне байланысты құжаттарды ресiмдейдi, мемлекеттiк қызметшiлердiң дербес деректерiн, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмысын бағалау және оқудан өту нәтижелерi туралы мәлiметтердi, оның iшiнде мемлекеттiк қызмет персоналы бойынша автоматтандырылған бiрыңғай дерекқорда (ақпараттық жүйеде) есепке алуды жүзеге асырады;

5) мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердiң сақталуын қамтамасыз етедi;

6) мемлекеттiк қызметшiлердiң тағылымдамадан өтуiн, тәлiм алуын, жұмысын бағалауды, оларды даярлауды, қайта даярлауды және бiлiктiлiгiн арттыруды белгiленген мерзiмдерге сәйкес ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеудi қолдану тәртiбiн әзiрлейдi;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) мемлекеттiк органның басқа құрылымдық бөлiмшелерiнен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымдары енгiзiлмеген мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк органның басшысына тiкелей бағынады.

3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешiмiмен құрылады.

Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының немесе жоғары тұрған органның шешiмiмен құрылады.

7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк лауазымдарын

сыныптау

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк лауазымдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес қалыптастырылады.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер үшiн мемлекеттiк лауазымдардың санаттары белгiленедi. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер үшiн мемлекеттiк лауазымдардың санаттары белгiленбейдi.

3. Мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТШIЛЕРДIҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

8-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мәртебесi және олардың

құқықтық кепiлдiктерi

Мемлекеттiк қызметшiнiң мәртебесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуына байланысты шектеулерi бар Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде мемлекеттiк қызметшiнiң жалпы құқықтарын, бостандықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ мемлекеттiк қызмет ерекшелiктерiне негiзделген құқықтарын, мiндеттерi мен жауаптылығын қамтиды.

Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттiк қызметшi мәртебесiне Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттiк қызметтi тоқтатқан кезден бастап одан айрылады.

9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi құқықтары

Мемлекеттiк қызметшiнiң:

1) Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;

2) өзiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына жеткiзген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;

3) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауiпсiз және тиiмдi жұмыс iстеу үшiн қажеттi еңбек жағдайларына;

4) әлеуметтiк және құқықтық қорғалуға;

5) өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;

6) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару үшiн ұйымдарға белгiленген тәртiппен баруға;

7) басшыдан мемлекеттiк қызметшi атқарып отырған мемлекеттiк лауазымға сәйкес мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктер көлемiн дәл айқындап берудi талап етуге;

8) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қарым-қатынас жасалуына;

9) өзi атқаратын мемлекеттiк лауазымға, жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбекақы төленуiне;

10) тиiстi бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражаты есебiнен даярлануға, қайта даярлануға және бiлiктiлiгiн арттыруға;

11) мемлекеттiк орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға немесе тағылымдамадан өтуге жiберген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыс орнының (мемлекеттiк лауазымының) сақталуына;

12) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер беруге;

13) бiлiктiлiгi, құзыреттерi, қабiлетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн адал орындауы ескерiле отырып, мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлетiлуге;

14) мемлекеттiк қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тергеп-тексерудi талап етуге;

15) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшiн не мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық үшiн оның жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша шығарылуға;

16) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;

17) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару үшiн қажеттi ақпарат пен материалдарды белгiленген тәртiппен алуға;

18) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.

Мемлекеттiк қызметшiнiң өзге де құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.

10-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi

Мемлекеттiк қызметшiлер:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;

2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын қабылдауға;

3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарауға және олар бойынша қажеттi шаралар қабылдауға;

4) функцияларын өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес жүзеге асыруға;

5) лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде саяси партиялардың, қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң қызметiнен бейтарап және тәуелсiз болуға;

6) қызметтiк тәртiптi сақтауға;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi сақтауға;

8) қызметтiк әдептi сақтауға;

9) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерi, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен нұсқаулары олардың лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде шығарылған болса, оларды орындауға;

10) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға, ол жөнiнде қолхат беруге;

11) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару кезiнде алатын, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi жария етпеуге және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;

12) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалануға;

13) өздерiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздерi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына дереу жеткiзуге;

14) лауазымдық мiндеттерiн тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;

15) өздерiн жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға жiберген мемлекеттiк органда тiкелей оқу аяқталғаннан кейiн, сондай-ақ уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен және мерзiмдерде мемлекеттiк қызметте жұмыспен өтеуге мiндеттi. Осы мiндеттеменi орындамау мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекетке өзiн оқытуға бөлiнген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды орындалмаған мiндеттемелерге бара-бар өтеуiне әкеп соғады;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органның ақпараттық ресурстарымен жұмыс процесiнде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге мiндеттi.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң өзге де мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.

11-бап. Мемлекеттiк органдардың басшылары болып табылатын

мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң және облыс,

республикалық маңызы бар қалалар және астана

әкiмдерiнiң негiзгi функциялары

1. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң функционалдық мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде, тиiстi мемлекеттiк орган туралы ережеде және мiндеттердiң бөлiнуiнде айқындалады.

2. Мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары болып табылатын мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерiнiң негiзгi функциялары мыналар болып табылады:

1) мемлекеттiк органның мақсаттарын, тиiстi аумақты дамыту мақсаттарын айқындау;

2) мемлекеттiк саясатты тұжырымдауға, айқындауға және iске асыруға ықпал ететiн шешiмдердi қабылдау;

3) сыртқы саясат қызметi саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктердiң басшыларымен өзара iс-қимыл жасау;

4) Қазақстан Республикасының Парламентiнде және басқа да мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда мемлекеттiк орган атынан өкiлдiк ету;

5) мемлекеттiк, үкiметтiк бағдарламалардың және өзге де жобалардың орындалу барысын реттеу және бағалау;

6) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функциялар.

12-бап. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты

хатшыларының, аппарат басшыларының және облыс,

республикалық маңызы бар қалалар және астана

әкiмдерi аппараттары басшыларының өкiлеттiктерi

1. Министрлiктердiң және Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының мәртебесi мен өкiлеттiктерiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

2. Орталық мемлекеттiк органдардың аппарат басшыларының өкiлеттiктерiне:

1) мемлекеттiк органға жүктелген мақсаттарды iске асыруды ұйымдастыру;

2) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметiн ұйымдастыру, үйлестiру және бақылау;

3) мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiту;

4) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк органның «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн мемлекеттiк лауазымдарға тағайындау және мемлекеттiк лауазымдардан босату;

5) мемлекеттiк органның тәртiптiк және конкурстық комиссияларының қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асыру;

6) қызметтiк тәртiптiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

7) еңбек қатынастары мәселелерi жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған жұмыскерлердi қоспағанда, мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiлерiн iссапарға жiберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу мәселелерiн шешу;

8) еңбек қатынастары мәселелерi жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған жұмыскерлердi қоспағанда, мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiлерiнiң тәртiптiк жауаптылығы мәселелерiн шешу;

9) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;

10) мемлекеттiк органның мемлекеттiк саяси қызметшiлерi қабылдаған шешiмдердiң орындалу барысын бақылау;

11) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде жүктелген өзге өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.

3. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттары басшыларының өкiлеттiктерi «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгiленедi.

4. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшыларына, аппарат басшыларына, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттарының басшыларына орталық мемлекеттiк органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының) бiрiншi басшыларының мiндеттерiн жүктеуге, сондай-ақ орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшыларының, аппарат басшыларының, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттары басшыларының мiндеттерiн орталық мемлекеттiк органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының) бiрiншi басшыларына және олардың орынбасарларына жүктеуге жол берiлмейдi.

5. Құқық қорғау органдарының аппараттары басшыларының өкiлеттiктерiн олардың бiрiншi басшылары айқындайды.

6. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшылары, аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттарының басшылары осы бапта көзделген лауазымдық өкiлеттiктердiң орындалуына дербес жауапты болады.

7. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшылары мен аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттарының басшылары функциялары мен өкiлеттiктерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк органдарының басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерi аталған адамдардың мемлекеттiк лауазымды одан әрi атқаруы туралы мәселеге Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен бастамашы болуға құқылы.

13-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

1. Мемлекеттiк қызметшi:

1) өкiлдi органның депутаты болуға;

2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетiн қызметпен айналысуға;

3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкiлеттiктерiне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

4) өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тiкелей бақылауындағы мемлекеттiк органда үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өкiл болуға;

5) өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;

6) ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;

7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетiлетiн қызметтерiн жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.

2. Мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк лауазымға кiргеннен кейiн бiр ай iшiнде осы адамға заңды түрде тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiктi қоспағанда, өз меншiгiндегi, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестердi, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кiрiстер алуға әкелетiн өзге де мүлiктi мемлекеттiк қызметтi өткеру уақытында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шарты нотариатта куәландырылуға жатады. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартының нотариат куәландырған көшiрмесiн мемлекеттiк қызметшi нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметiне (кадр қызметiне) ұсынады.

3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлердiң өздерiне тиесiлi облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенiмгерлiк басқаруға бермеуiне болады.

4. Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен кiрiс алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлер тұрғын-жайларын мүлiктiк жалдауға беруге құқылы.

5. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлкiн сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған мемлекеттiк лауазымдарға тағайындалған күннен бастап бiр ай мерзiмде өздерiне тиесiлi инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенiмгерлiк басқаруға беруге және сенiмгерлiк басқару шартының нотариат куәландырған көшiрмесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң кадр қызметiне ұсынуға мiндеттi.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.

7. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшi өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (қарындастары), аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымға тiкелей бағыныстағы мемлекеттiк лауазымды атқара алмайды.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТКЕ КIРУ

14-бап. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру

1. Азаматтардың мемлекеттiк саяси қызметке кiруi тағайындалу не сайлану негiзiнде, сондай-ақ басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшiн қажеттi келiсуден өткен және арнайы тексерудiң оң нәтижелерi алынған жағдайда жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындауы мүмкiн.

4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарды қоса атқаруына жол берiлмейдi.

15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру

1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi өкiлдi органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу конкурстық негiзде жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiретiн немесе оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiретiн азаматтарды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындау арнайы тексерудiң оң нәтижелерi алынғаннан кейiн жүзеге асырылады.

3. Өкiлеттiктерiн терiс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкiлеттiктерiн тоқтатқан, өз өкiлеттiктерiн кемiнде алты ай орындаған және белгiленген арнайы бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, мемлекеттiк саяси қызметшiлер, судьялар мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен кадр резервiне iрiктеу және конкурс өткiзiлместен, уәкiлеттi комиссияның шешiмi бойынша орналаса алады.

16-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары

1. Мемлекеттiк лауазымдарға тиiстi бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн, өзiнiң жеке және кәсiби қасиеттерi, денсаулық жағдайы, бiлiм деңгейi бойынша өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi және Қазақстан Республикасының заңында белгiленген зейнеткерлiк жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкiлеттiк мерзiмдерi айқындалған мемлекеттiк саяси лауазымдарға қолданылмайды.

Зейнеткерлiк жасқа жеткен адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттiк саяси лауазымға тек Қазақстан Республикасының Президентi ғана тағайындауы мүмкiн.

Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үмiткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

РҚАО-ның ескертпесi!

2-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгiзiледi — ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңымен.

2. Құқық қорғау органдарының бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсетiндердi қоспағанда, құқық қорғау қызметiне алғаш рет кiретiн азаматтар құқық қорғау органдарымен келiсу бойынша уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен және мерзiмдерде олардың жеке қасиеттерiн бағалауды қоса алғанда, уәкiлеттi органда тесттен өтедi.

3. Мемлекеттiк қызметке:

1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиiстi мемлекеттiк лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгiленбесе, он сегiз жасқа дейiнгi;

2) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;

3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттiк лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негiзiнде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;

5) өзiнiң мәртебесiн және соған негiзделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкiн әрекеттердi болғызбау мақсатында өзiне осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

6) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық үшiн қызметтен шығарылған азамат мемлекеттiк қызметке жiберiлмейдi;

7) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

9) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде қылмыстық терiс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшiн соттың айыптау үкiмi шығарылған немесе қылмыстық терiс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшiн өзiне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде босатылған;

10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;

11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде босатылған;

12) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;

13) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзiне қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi өткенге дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан;

14) құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттiк органдардан және соттардан, әскери қызметтен терiс себептер бойынша шығарылған азаматты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.

4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылады.

5. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бiр кемсiтушiлiкке жол берiлмейдi.

6. Адамдарды құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

7. Азаматтың және оның жұбайының (зайыбының) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен кiрiстерi және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы декларацияны мемлекеттiк кiрiс органдарына ұсынуы мемлекеттiк қызметке кiрудiң мiндеттi шарты болып табылады.

РҚАО-ның ескертпесi!

7-тармақтың екiншi абзацының қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңының 68-бабынан қараңыз.

Мемлекеттiк лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) жұмысқа қабылдау туралы актiсi шыққанға дейiн азамат персоналды басқару қызметiне (кадр қызметiне) кiрiстерi және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы декларацияны тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынуға мiндеттi.

17-бап. Бiлiктiлiк талаптары

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға үмiткер азаматтар белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай болуға тиiс.

2. Мемлекеттiк саяси лауазымдарға бiлiктiлiк талаптары белгiленбейдi.

3. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын арнайы бiлiктiлiк талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

4. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптары мемлекеттiк орган мен оның құрылымдық бөлiмшелерi қызметiнiң негiзгi бағыттары, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң лауазымдық өкiлеттiктерi ескерiлiп әзiрленедi.

«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптарын мемлекеттiк лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган), егер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде өзгеше көзделмесе, уәкiлеттi органмен және оның аумақтық бөлiмшелерiмен келiсу бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарының негiзiнде бекiтедi.

«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын уәкiлеттi орган бекiтедi.

5. Құқық қорғау органдарында мемлекеттiк лауазымдарға қойылатын бiлiктiлiк талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.

18-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қабылданатын

шектеулер

Мемлекеттiк қызметке қабылдану кезiнде азаматтар өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн және соған негiзделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға алып келуi мүмкiн әрекеттердi болғызбау мақсатында өзiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулердi қабылдайды.

Бұл шектеулердi персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) мемлекеттiк қызметке қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жазбаша нысанда тiркейдi.

Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi қабылдамау мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен шығаруға әкеп соғады.

19-бап. Арнайы тексеру

1. Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiретiн немесе мемлекеттiк қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiретiн азаматтар осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметке кiру шарттарына сәйкестiгi тұрғысынан ұлттық қауiпсiздiк органдары жүргiзетiн арнайы тексерудiң оң нәтижелерiн алуы қажет.

Арнайы тексерудi жүргiзу мерзiмi үш айға дейiнгi уақытты құрайды.

2. Осы Заңға сәйкес мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiретiн азаматтар арнайы тексерудiң нәтижелерi алынған күнге дейiн мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым бойынша көзделген мiндеттердi уақытша атқарады.

Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi.

Арнайы тексерудi жүргiзу кезеңiнде бұл азаматтарға мемлекеттiк қызметшiлердiң мiндеттерi мен жауаптылығы, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер бөлiгiнде осы Заңның ережелерi қолданылады. Бұл азаматтардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.

Жұмысқа қабылдау мемлекеттiк органның актiсiмен ресiмделедi.

20-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiндегi сынақ мерзiмi

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке алғаш рет кiрген, сондай-ақ мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн олардың атқаратын мемлекеттiк лауазымдарына сәйкестiгiн тексеру мақсатында сынақ мерзiмi белгiленедi. Сынақ мерзiмiнен өту туралы шарттар мемлекеттiк органның мемлекеттiк лауазымға тағайындау туралы актiсiнде көзделедi.

Мемлекеттiк саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiне кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн сынақ мерзiмi белгiленбейдi.

Құқық қорғау органдарына қызметке кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн сынақ мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

2. Сынақтан өтушi мемлекеттiк қызметшiлердiң дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезеңдерi сынақ мерзiмiне есептелмейдi.

3. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiне алғаш рет кiрген, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiне оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн сынақ мерзiмi үш айды құрайды.

Сынақ мерзiмiнiң нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзiмi мемлекеттiк лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адамның шешiмi бойынша кейiннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады.

«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiн сынақ мерзiмiнiң нәтижелерi бойынша қызметтен шығару уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесiмен келiсу бойынша жүзеге асырылады.

4. Сынақ мерзiмi кезеңiнде, оның iшiнде оны ұзартқан кезде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке алғаш рет кiрген мемлекеттiк қызметшiлерге тәлiмгерлер бекiтiледi.

5. Сынақ мерзiмiнен өтудiң тәртiбi мен шарттарын және тәлiмгерлердi бекiту тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң ант қабылдауы

1. Антты:

1) мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiрген мемлекеттiк қызметшiлер;

2) мемлекеттiк қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiрген мемлекеттiк қызметшiлер қабылдайды.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң ант беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

2. Мемлекеттiк қызметшi әкiмшiлiк немесе өзге мемлекеттiк лауазымнан мемлекеттiк саяси лауазымға ауысуы кезiнде ант бередi.

3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер әкiмшiлiк немесе өзге мемлекеттiк қызметке ауысқан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне ант берудi көздейтiн мемлекеттiк лауазымдарды қоспағанда, басқа мемлекеттiк саяси лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған жағдайда қайта ант бермейдi.

4-тарау. «А» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ӘКIМШIЛIК ҚЫЗМЕТIНЕ КIРУ

ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКЕРУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

22-бап. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң

кадр резервiне iрiктеу

1. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне iрiктеу «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын белгiленген арнайы бiлiктiлiк талаптарына және осы Заңда белгiленген өзге де талаптарға сай келетiн азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне iрiктеудi уәкiлеттi комиссия Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырады.

2. Уәкiлеттi орган «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен уәкiлеттi комиссия ұсынған азаматтар қатарынан қалыптастырады.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған азаматтарды «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына конкурс өткiзбестен тағайындай алады.

23-бап. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына

орналасуға арналған конкурс

1. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасу үшiн конкурс өткiзiлуi мүмкiн.

2. «А» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған конкурс «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.

Конкурсты осы мемлекеттiк лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам жүзеге асырады.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасуға арналған конкурс уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен өткiзiледi.

24-бап. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк

қызметшiлерiмен жасалатын еңбек шарттары

Адамды «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына тағайындау кезiнде онымен еңбек шарты жасалады.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiмен еңбек шартын мемлекеттiк лауазымға тағайындау және мемлекеттiк лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам (орган) жасайды.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiмен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

25-бап. Мемлекеттiк лауазымды «А» корпусының мемлекеттiк

әкiмшiлiк лауазымына өзгерту

1. Мемлекеттiк лауазым «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өзгертiлген жағдайда:

1) мемлекеттiк лауазымды «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiнде тұрған адам конкурстық iрiктеу негiзiнде алмастырады;

2) мемлекеттiк лауазымды алмастыру мерзiмiн уәкiлеттi комиссия белгiлейдi;

3) осы мемлекеттiк лауазымды атқаратын мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк лауазым осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес алмастырылғанға дейiн осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткенге дейiн жұмысын жалғастыруға құқылы.

2. Мемлекеттiк лауазымы «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өзгертiлген мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк орган оның бiлiктiлiгiне сәйкес және бос орынның болуына қарай мемлекеттiк лауазым ұсынады.

Мемлекеттiк қызметшi жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда қызметтен шығарылуға тиiс. Бұл ретте мемлекеттiк орган кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi бар мемлекеттiк қызметшiге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейдi.

5-тарау. «Б» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ӘКIМШIЛIК ЛАУАЗЫМЫНА

ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI

26-бап. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына

мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiретiн немесе

қайтадан кiретiн азаматтарды iрiктеу

«Б» корпусының мемлекеттiк лауазымдарына алғаш рет кiретiн немесе мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн оған қайтадан кiретiн азаматтар мынадай iрiктеу кезеңдерiнен өтедi:

1) уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен тесттен өту;

2) уәкiлеттi органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерiн бағалату;

3) «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.

27-бап. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына

орналасуға арналған конкурс

1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:

1) азаматтар арасындағы жалпы конкурс;

2) мемлекеттiк қызметшiлер арасындағы iшкi конкурс.

2. Конкурс мынадай бiрқатар жүйелi кезеңдердi қамтиды:

1) конкурс өткiзу туралы хабарландыруды жариялау;

2) конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген адамдардан құжаттар қабылдау;

3) мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясын не бiрыңғай конкурстық комиссияны құру;

4) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай болуы тұрғысынан қарау;

5) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясы өткiзетiн әңгiмелесу;

6) мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.

Конкурс өткiзудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

3. Орталық мемлекеттiк органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлiмшелерiнде конкурс өткiзу кезiнде хабарландырулар орталық мемлекеттiк органдардың және уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таралатын мерзiмдi баспа басылымдарында жариялауға жол берiледi.

Жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткiзу туралы хабарландырулар жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағына таралатын мерзiмдi басылымдарда жариялауға жол берiледi.

Персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) құрылған жағдайда хабарландырулар өзi соның құрылымында тұрған мемлекеттiк органның интернет-ресурсында да орналастырылады.

4. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өткiзiлсе, осы шарт конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлуге тиiс.

5. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға құқығы бар. Тағайындау құқығы бар лауазымды адам оны жарияланған мемлекеттiк лауазымға қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.

6. Конкурстық комиссияның шешiмiне қатысты уәкiлеттi органға не сотқа шағым жасауға болады.

28-бап. Жалпы конкурс

1. Жалпы конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос төменгi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда төменгi лауазым болып табылмайтын өзге де бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу үшiн өткiзiледi.

2. «Б» корпусының төменгi болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасу үшiн жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкiлеттi органмен келiсу бойынша, ал орталық мемлекеттiк органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлiмшесiнде не жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiмен келiсу бойынша өткiзiледi.

Осы Заңның 29-бабында көзделген iшкi конкурс өткiзу жөнiндегi талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткiзуден бас тартуға негiз болып табылады. Келiсу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсiмдерiнен алдын ала өткен және уәкiлеттi орган белгiлеген мәндерден төмен емес нәтижелерi бар азаматтар жiберiледi.

Тест нәтижелерiне шағым жасау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бiрлестiктер, қоғамдық кеңестер, үкiметтiк емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлiк, қайырымдылық қызметтi жүзеге асырғанын ескередi.

4. Уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерiн бағалауды жүргiзедi. Азаматтардың жеке қасиеттерiн бағалауды жүргiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерiн бағалау нәтижелерiн конкурстық комиссия шешiм қабылдау кезiнде ескередi.

29-бап. Iшкi конкурс

1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасу үшiн мемлекеттiк орган осы мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiлерi арасында iшкi конкурс өткiзедi, оған оның ведомствосының, аумақтық бөлiмшелерiнiң мемлекеттiк қызметшiлерi де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнiң құқықтық негiздерiн, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртiбiн белгiлейтiн заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.

Персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) немесе бiрыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда iшкi конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшiн құрылған мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi арасында өткiзiледi.

2. Конкурстық комиссияның немесе бiрыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi арасында iшкi конкурс өткiзiледi.

«Б» корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасу үшiн iшкi конкурс өткiзiлмейдi.

3. Мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi арасында конкурстық комиссияның немесе бiрыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткiзiледi.

4. Мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары көмекшiлерiнiң немесе кеңесшiлерiнiң, баспасөз хатшыларының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына конкурс өткiзiлместен, атқаратын мемлекеттiк лауазымынан бiр мезгiлде босата отырып, басқа мемлекеттiк органдардан ауысу тәртiбiмен орналасуға жол берiледi. Аталған адамдардың мемлекеттiк органның, аумақтық бөлiмшелерiн қоса алғанда, оның ведомствосының iшiнде одан әрi ауысуына жол берiлмейдi.

«Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына конкурс өткiзiлмей, ауысу тәртiбiмен орналасу Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен өзге де жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкiн.

Уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшесiнiң келiсiмi ауысудың шарты болып табылады.

5. Адам мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтен шығарылған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде, егер ол өзге де жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаған болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шықпаса, iшкi конкурстың қорытындылары бойынша «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға құқылы.

Мұндай жағдайларда осы адамға мiндеттi арнайы тексеруден өту туралы, сынақ мерзiмiн белгiлеу туралы және кiрiстерi мен өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы декларацияны өзiнiң бұрынғы жұмыс орны бойынша тапсырған жағдайда оны ұсыну туралы талаптар қолданылмайды.

30-бап. Мемлекеттiк лауазымға тағайындау

1. Азаматтарды мемлекеттiк лауазымдарға тағайындауды және мемлекеттiк қызметшiлердi мемлекеттiк лауазымдардан босатуды лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адам (орган) не өзiне осындай өкiлеттiктер берiлген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.

2. Азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiн ресiмдеу кезiнде мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етедi.

3. Персоналды басқару қызметтерi (кадр қызметтерi) мемлекеттiк қызметшiлерге қызметтiк тiзiмдi толтырады. Қызметтiк тiзiм нысанын уәкiлеттi орган бекiтедi.

4. Мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк лауазымы мен лауазымдық өкiлеттiктерiн растайтын құжат болып табылатын қызметтiк куәлiк берiледi.

Қызметтiк куәлiктi беру тәртiбiн, оның сипаттамасын мемлекеттiк орган бекiтедi.

6-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТТI ӨТКЕРУ

31-бап. Лауазымдық нұсқаулықтар

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгiленгендерден туындайтын лауазымдық өкiлеттiктерi және жауаптылығы бiлiктiлiк талаптары негiзiнде айқындалады және лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетiледi.

Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттiк лауазымға тағайындау және мемлекеттiк лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам бекiтедi және олардың орындалуы мемлекеттiк лауазымға жүктелетiн нақты функциялар тiзбесiн қамтиды.

Лауазымдық нұсқаулықтарды әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

32-бап. Жұмыс уақыты

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес айқындалады.

2. Мемлекеттiк қызметшiлер үшiн екi демалыс күнi бар бес күндiк жұмыс аптасы белгiленедi.

3. Мемлекеттiк органдар бекiтетiн мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбек тәртiптемесi қағидалары жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимiн белгiлейдi.

4. Шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттiк қызметшiлер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс iстелетiн жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегi жұмысқа тартылуы мүмкiн.

Осы тармақта көзделген жағдайларда мемлекеттiк қызметшiге демалыс күндерi (сағаттары) берiледi немесе жұмысына мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiне сәйкес өтемақы төленедi.

33-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын бағалау

1. Мемлекеттiк қызметшiлер жұмысының тиiмдiлiгi мен сапасын айқындау мақсатында олардың жұмысын бағалау жүргiзiледi.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын бағалауды жүргiзудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын бағалаудың нәтижелерi бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттiк лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөнiндегi шешiмдердi қабылдауға негiз болып табылады.

2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын уәкiлеттi адам (орган) жүргiзедi.

3. Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүргiзедi.

4. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң жұмысын бағалауды «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiн мемлекеттiк лауазымға тағайындау және мемлекеттiк лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) жүргiзедi.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң жұмысын бағалау әдiстемесiн уәкiлеттi орган бекiтедi.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiнiң қанағаттанарлықсыз бағасы уәкiлеттi комиссиямен келiсу бойынша онымен жасалған еңбек шартын бұзуға негiз болып табылады.

5. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiнiң жұмысын бағалауды «Б корпусының әкiмшiлiк қызметшiсiн мемлекеттiк лауазымға тағайындау және мемлекеттiк лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам құратын бағалау жөнiндегi комиссия жүргiзедi.

Мемлекеттiк органдар уәкiлеттi орган бекiткен үлгiлiк әдiстеменiң негiзiнде «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң жұмысын бағалау әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi.

6. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiнiң қатарынан екi жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы ол бiлiктiлiк талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттiк лауазым болған кезде оның мемлекеттiк лауазымын төмендетуге әкеп соғады.

Төмен тұрған бос мемлекеттiк лауазым болмаған кезде мемлекеттiк қызметшiге басқа бос мемлекеттiк лауазым ұсынылады.

Бос мемлекеттiк лауазым болмаған немесе мемлекеттiк қызметшi ұсынылған мемлекеттiк лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттiк қызметшi атқаратын мемлекеттiк лауазымынан шығарылады.

7. Мемлекеттiк қызметшi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өзiнiң жұмысын бағалау нәтижелерiне қатысты шағым жасауға құқылы.

34-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi оқыту мемлекеттiк қызметшiлердi даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтиды.

Мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау — жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесi.

Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау — қосымша кәсiби бiлiм алуға арналған оқу курстары.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiктiлiгiн арттыру — олардың құзыретiн жетiлдiруге арналған оқыту семинарлары.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер үш жылда бiр реттен сиретпей бiлiктiлiгiн арттырудан өтедi.

3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы бiлiм беру ұйымдарында және олардың филиалдарында мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданылмай жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

35-бап. Көтермелеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелерi бойынша қолданылады.

Мемлекеттiк қызметшiлерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкiн:

1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;

2) алғыс жариялау;

3) бағалы сыйлықпен марапаттау;

4) грамотамен марапаттау;

5) құрметтi атақ беру;

6) көтермелеудiң өзге де нысандары, оның iшiнде ведомстволық наградалармен марапаттау.

2. Нақ сол ерекшеленгенi үшiн мемлекеттiк қызметшiге бiр ғана көтермелеу қолданылуы мүмкiн.

Көтермелеулердi қолдану тәртiбi мемлекеттiк органдардың актiлерiнде белгiленедi.

3. Мемлекеттiк қызметшiлердi ерекше еңбек сiңiргенi үшiн «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттiк наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.

36-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң тағылымдамасы

Мемлекеттiк қызметшiлердiң тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсiби бiлiм алуы мен тәжiрибе жинақтауы мақсатында мемлекеттiк органдардың жолдамасы бойынша олардың тағылымдамасы өткiзiледi. Тағылымдамадан өту кезеңiнде мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс орны (мемлекеттiк лауазымы) және жалақысы сақталады.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң тағылымдамасы уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.

37-бап. Мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлету

1. Мемлекеттiк қызметшiлердi мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттерi, қабiлетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескерiлiп жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк органда мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлеу мемлекеттiк органның штат кестесiнде көзделген жоғары тұрған мемлекеттiк лауазымдарға сатылап көтерiлiп орналасуды көздейдi.

Басқа мемлекеттiк органдардағы жоғары тұрған мемлекеттiк лауазымдар болып оларға неғұрлым жоғары бiлiктiлiк талаптары қойылатын, ал бiлiктiлiк талаптары тең болған кезде — неғұрлым жоғары жалақы белгiленген мемлекеттiк лауазымдар түсiнiледi.

3. Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бiр жыл iшiнде немесе оның мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн терiс қылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде мемлекеттiк лауазымға ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша орналасуына жол берiлмейдi.

38-бап. Мiндеттердi уақытша жүктеу

1. Қызметтiк қажеттiлiкке байланысты мемлекеттiк қызметшiге атқаратын мемлекеттiк лауазымынан босатпай, осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттiк лауазымның мiндеттерi уақытша жүктелуi мүмкiн.

2. Мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк лауазымдарды уақытша қоса атқарғаны және уақытша болмаған мемлекеттiк қызметшiнiң мiндеттерiн атқарғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгiленедi.

39-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң Қазақстан

Республикасының мемлекеттiк органдарына,

шетелдегi мекемелерiне және өзге де ұйымдарға

iссапарға баруы

1. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк органдардың алдына қойылған мiндеттердi орындау мақсатында олардың бiрiншi басшыларымен келiсу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына, шетелдегi мекемелерiне және өзге де ұйымдарға iссапарға баруы мүмкiн.

2. Iссапарға барған мемлекеттiк қызметшiлердiң бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттiк лауазымы), сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген құқықтары, кепiлдiктерi, жеңiлдiктерi, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдерi, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтiк қорғалуы сақталады.

40-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң әскери қызметке

шақырылуы

Мемлекеттiк қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылған жағдайда оларға мерзiмдi әскери қызмет кезеңiнде жалақысы сақталмайтын демалыс берiледi және олардың жұмыс орны (мемлекеттiк лауазымы) сақталады.

41-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi ротациялау

1. Мемлекеттiк қызметтi өткеру кезiнде кәсiби әлеуеттiң неғұрлым тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi ротациялау жүзеге асырылады.

«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн ротациялау деп мансаптық жоспарлау шеңберiнде оларды «А» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк лауазымдарына не «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерi арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсiнiледi.

Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметiнiң құқықтық негiздерiн, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртiбiн айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн ротациялау деп «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерi арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсiнiледi.

2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнiң құқықтық негiздерiн, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртiбiн айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргiзудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн, ротациялауға жататын мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

Басқа жерге ротациялау кезiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жекешелендiру құқығынсыз қызметтiк үй-жаймен қамтамасыз етiледi.

Егер Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнiң құқықтық негiздерiн, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртiбiн айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедек, жүктi, он төрт жасқа дейiнгi баланы тәрбиелеп отырған, мүгедек балалары, оның iшiнде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана болып табылатын немесе асырауында қарт ата-анасы бар мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi басқа жерге көшумен байланысты ротациялауға осы мемлекеттiк қызметшiлердiң келiсiмi бойынша ғана жол берiледi.

Аталған мән-жайлар құжат түрiнде расталуға тиiс.

42-бап. Мемлекеттiк органды құру кезеңiнде азаматтарды

жұмысқа қабылдау

1. Мемлекеттiк органды құру туралы акт қабылданған күннен бастап, қызметтiк қажеттiлiк жағдайында, бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарда көзделген мiндеттердi уақытша атқару үшiн азаматтарды үш айдан аспайтын мерзiмге жұмысқа қабылдауға жол берiледi.

Ұзартуға болмайтын осы мерзiм iшiнде көрсетiлген мемлекеттiк лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиiс.

«А» корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарында көзделген мiндеттердi уақытша атқару үшiн жұмысқа қабылдау «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған адамдар қатарынан жүзеге асырылады.

2. Мiндеттердi уақытша атқару үшiн жұмысқа қабылданатын адамдар саны мемлекеттiк органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиiс.

Мемлекеттiк қызметшiлер болып табылмайтын осындай адамдар мен оларды жұмысқа уақытша қабылдаған мемлекеттiк орган арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледi.

7-тарау. ҚЫЗМЕТТIК ТӘРТIП

43-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жауаптылығы

1. Мемлекеттiк қызметшiлер өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртiптiк, әкiмшiлiк, қылмыстық жауаптылықта болады

Мемлекеттiк қызметшi атқару үшiн алынған өкiмнiң құқыққа сыйымды екенiне күмәнданған кезде ол жөнiнде өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы осы өкiмдi жазбаша түрде растаған жағдайда, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттiк қызметшi оны орындауға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiнiң құқыққа сыйымсыз өкiмдi орындауының салдарлары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауапты болады.

2. Лауазымды адамдардың лауазымдық өкiлеттiктердi атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруiне тыйым салынады.

3. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк орган өздерiне қатысты қабылдаған шешiмдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлiмшелерiне немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.

44-бап. Тәртiптiк терiс қылықтар және жазалар

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң тәртiптiк терiс қылығы (бұдан әрi — терiс қылық) — мемлекеттiк қызметшiнiң өзiне жүктелген мiндеттердi құқыққа қайшы түрде, кiнәлi түрде орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы, лауазымдық өкiлеттiктерiн асыра пайдалануы, қызметтiк тәртiп пен қызметтiк әдептi бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердi сақтамауы.

2. Терiс себептермен қызметтен шығаруға әкеп соғатын тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге тәртiптiк жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөнiндегi шараларды қасақана қабылдамау да тәртiптiк терiс қылық деп танылады.

3. Тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiлерге мынадай жаза түрлерi қолданылады:

1) ескерту;

2) сөгiс;

3) қатаң сөгiс;

4) қызметке толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе мемлекеттiк лауазымын төмендету;

5) атқаратын мемлекеттiк лауазымынан шығару.

Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлерi белгiленуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк лауазымын төмендету түрiндегi тәртiптiк жаза кез келген төмен тұрған бос мемлекеттiк лауазым болған және мемлекеттiк қызметшi осы мемлекеттiк лауазымға белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттiк лауазымын төмендету конкурстық рәсiмдер өткiзiлмей жүзеге асырылады.

Қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiндегi тәртiптiк жаза мемлекеттiк лауазымын төмендету түрiндегi тәртiптiк жазаны қолдану мүмкiн болмаған кезде қолданылады.

Атқаратын мемлекеттiк лауазымынан шығару түрiндегi тәртiптiк жаза осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздер бойынша қолданылады.

5. Мемлекеттiк қызметшiнiң осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12) және 15) тармақшаларында көрсетiлген тәртiптiк терiс қылықтың қайсыбiрiн жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын iс-әрекет не әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерiн қамтымаса, мемлекеттiк лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттiк лауазым болмаған жағдайда — қызметке толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiндегi тәртiптiк жазаны заңда белгiленген тәртiппен қолдануға әкеп соғады.

Бiрiншi тәртiптiк терiс қылығы үшiн тәртiптiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде көрсетiлген тәртiптiк терiс қылықтардың кез келгенiн қайталап жасау атқаратын мемлекеттiк лауазымынан шығаруға әкеп соғады.

6. Мемлекеттiк қызметшiнiң осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген тәртiптiк терiс қылықтың қайсыбiрiн жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын iс-әрекет не әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерiн қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiндегi тәртiптiк жазаны заңда белгiленген тәртiппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.

Бiрiншi тәртiптiк терiс қылығы үшiн тәртiптiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде көрсетiлген тәртiптiк терiс қылықтардың кез келгенiн қайталап жасау атқаратын мемлекеттiк лауазымынан шығаруға әкеп соғады.

7. Мемлекеттiк қызметшiнiң осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 9), 13), 14), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында және 2-тармағында көрсетiлген тәртiптiк терiс қылықтың қайсыбiрiн жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын iс-әрекет не әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерiн қамтымаса, атқаратын мемлекеттiк лауазымынан шығаруға әкеп соғады.

8. Тәртiптiк жазаны:

1) лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамдар (орган) қолданады;

2) бiрiншi тәртiптiк жазаны қолдану заңды болған және тәртiптiк жаза терiс қылықтың ауырлығына сай келген жағдайда нақ сол терiс қылық үшiн қайталап қолдануға болмайды;

3) тәртiптiк жаза Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен қолданылады.

9. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн бiрыңғай тәртiптiк комиссияны құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бiрыңғай тәртiптiк комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешiмi бойынша құрылады.

Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде бiрыңғай тәртiптiк комиссияны құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң бiрыңғай тәртiптiк комиссиясы орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының немесе жоғары тұрған органның шешiмi бойынша құрылады.

10. Тәртiптiк жазаны қолдану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

45-бап. Тәртiптiк жазаларды қолдану мерзiмдерi

1. Тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

Белгiлi бiр iс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылмалы құқық бұзушылық деп танылады.

2. Мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны үшiн осы Заңда көзделген тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

Қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық iстi не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi тоқтатқан, бiрақ адамның iс-әрекеттерiнде осы Заңда көзделген, мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық жасау белгiлерi болған жағдайда тәртiптiк жаза қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей, бiрақ осы терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей қолданылады.

Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшiн тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

Тәртiптiк жауаптылыққа тартудың көрсетiлген мерзiмдерiне қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу немесе әкiмшiлiк iс жүргiзу уақыты кiрмейдi.

3. Жазаны:

1) мемлекеттiк қызметшiнiң еңбекке уақытша жарамсыздығы;

2) мемлекеттiк қызметшiнiң демалыста немесе iссапарда болуы;

3) мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау уақытында өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн орындаудан босатылуы;

4) мемлекеттiк қызметшiнiң даярлауда, қайта даярлауда, бiлiктiлiгiн арттыру курстарында және тағылымдамада болуы;

5) мемлекеттiк қызметшiнiң тәртiптiк терiс қылық жасағаны туралы мемлекеттiк органдардың актiлерiне оның сот тәртiбiмен шағым жасауы кезеңiнде қолдануға болмайды.

4. Тәртiптiк жазаны қолдану мерзiмiнiң өтуi осы баптың 3-тармағында көрсетiлген жағдайларда, сондай-ақ қылмыстық iс тоқтатылғанға не сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн тоқтатыла тұрады.

46-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа

тарту кезiнде олардың құқықтарына берiлетiн

кепiлдiктер

1. Мемлекеттiк қызметшi өзiн тәртiптiк жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға тиiс, оған қызметтiк тергеп-тексеру рәсiмiне жеке өзiнiң қатысу құқығы берiледi.

2. Жауаптылыққа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер жоғары тұрған басшылықтың алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлiмшелерiне не сотқа мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның әрекеттерi мен шешiмдерiне қатысты шағым жасай алады.

47-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң нұқсан келтiргенi

үшiн материалдық жауаптылығы

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекеттiк органға келтiрiлген нұқсан үшiн материалдық жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және мөлшерлерде туындайды.

2. Мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк органға келтiрiлген тiкелей нақты нұқсанды өтеуге мiндеттi.

3. Егер нұқсан еңсерiлмейтiн күш не аса қажеттiлiк, қажеттi қорғаныс, сондай-ақ мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiге берiлген мүлiктiң сақталуы үшiн тиiстi жағдайларды қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындамауы салдарынан орын алған болса, мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекеттiк органға келтiрiлген нұқсан үшiн материалдық жауаптылығы туындамайды.

48-бап. Мемлекеттiк қызметшiнi лауазымдық өкiлеттiктерiн

атқарудан уақытша шеттету

Мемлекеттiк қызметшi:

1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестiк заңнамасына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктерiн атқарудан уақытша шеттетiлуi мүмкiн;

2) мемлекеттiк қызметшiнi қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген жағдайда мемлекеттiк лауазымға тағайындау және мемлекеттiк лауазымнан шығару құқығы бар лауазымды адам (орган) жауаптылық туралы мәселе шешiлгенге дейiн, бiрақ жалақысы сақтала отырып, бiр айдан аспайтын мерзiмге лауазымдық өкiлеттiктерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.

Мемлекеттiк қызметшiнi лауазымдық өкiлеттiктерiн атқарудан уақытша шеттету жөнiнде лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамның (органның) немесе өзiне осындай өкiлеттiктер берiлген өзге де лауазымды адамның (органның) актiсi шығарылады.

8-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТШIЛЕРДIҢ ҚЫЗМЕТТIК ӘДЕБI

49-бап. Мемлекеттiк қызметшiлерге қызметтiк әдептi

сақтау бойынша қойылатын талаптар

1. Мемлекеттiк қызметшiлер:

1) заңдылық қағидатын басшылыққа алуға;

2) мемлекеттiк саясатты жақтауға және оны дәйектi түрде iс жүзiне асыруға, өзiнiң әрекеттерiмен мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайтуға, мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiндей әрекеттер жасауға жол бермеуге;

3) мемлекеттiк қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенiмiн сақтауға және нығайтуға;

4) жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептiлiк нормаларын сақтауға;

5) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiне құрметпен қараудың үлгiсi болуға;

6) қарамағындағы мемлекеттiк қызметшiлерден лауазымдық өкiлеттiктерiнен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге;

7) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдебiнде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға мiндеттi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдептi бұзуы осы Заңда белгiленген тәртiптiк жауаптылыққа әкеп соғады.

3. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдептi сақтауына мониторинг жүргiзу мен бақылауды әдеп жөнiндегi уәкiл жүзеге асырады. Әдеп жөнiндегi уәкiл туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

Әдеп жөнiндегi уәкiлдiң қызметiн үйлестiрудi және әдiснамалық қамтамасыз етудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

50-бап. Мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк

терiс қылықтар

1. Осы Заңда мемлекеттiк қызметшiлердiң мынадай iс-әрекеттерi мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылықтар болып танылады:

1) басқа мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың қызметiне құқыққа сыйымсыз араласуы;

2) өзiнiң лауазымдық өкiлеттiлiктерiн жеке өзiнiң не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерiн қанағаттандырумен байланысты мәселелердi шешу кезiнде пайдалануы;

3) мемлекеттiк қызметке кiру және мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлету кезiнде заңда көзделмеген артықшылықтар беруi (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық);

4) шешiмдердi дайындау мен қабылдау кезiнде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуi;

5) кәсiпкерлiк және кiрiс алумен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыруда кiмге болмасын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген кез келген жәрдем көрсетуi;

6) мемлекеттiк функцияларды орындау кезiнде алынған ақпаратты, егер мұндай ақпарат ресми таратылуға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдде үшiн пайдалануы;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғаларға ұсынылуы көзделген ақпаратты беруден негiзсiз бас тартуы не оны кешiктiрiп беруi, анық емес немесе толық емес ақпарат беруi;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғалардың ұсынуы көзделмеген ақпаратты олардан талап етуi;

9) мемлекеттiк қаржылық және материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорларына беруi;

10) ресми адамдардың лауазымдық өкiлеттiктерiн пайдалана отырып, мүлiктiк пайда, игiлiктер не артықшылықтар алу үшiн аталған адамдарға сыйлықтарды тарту етуi және қызметтiк емес қызметтер көрсетуi;

11) жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруына ашық кедергi жасауы;

12) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты Қазақстан Республикасы Кәсiпкерлiк кодексi 151-бабының 1), 2), 3), 4) және 7)тармақшаларында, 156-бабы 2-тармағының 2), 6) және 8) тармақшаларында белгiленген тексерулердi ұйымдастыру мен жүргiзуге қойылатын талаптарды өрескел бұзуы;

13) кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға осындай қызметтi мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ бақылау мен қадағалау өкiлеттiктерiн беруi;

14) мемлекеттiк бақылау және қадағалау функцияларын мемлекеттiк орган мәртебесi жоқ ұйымдарға беруi;

15) жоғары тұрған немесе төмен тұрған не қызмет немесе жұмыс бабында олармен өзгеше тәуелдiлiкте болатын лауазымды адамдармен ақшалай немесе өзге де мүлiктiк сипаттағы құмар ойындарға қатысуы;

16) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өздерiнiң мемлекеттiк немесе соған теңестiрiлген функцияларын атқарғаны үшiн өзi оларда тиiстi функциялар атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетiлетiн қызметтер түрiнде және өзге де нысандарда кез келген сыйақыны қабылдауы.

Мемлекеттiк қызметшiнiң шотына осы адам бiлмей келiп түскен ақша, сондай-ақ ол тиiстi функцияларын осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып атқаруына байланысты алған қаражат олар анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiмде тиiстi мемлекеттiк кiрiс органына мұндай қаражаттың түсуiнiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме ұсыныла отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады;

17) өздерiнiң мемлекеттiк немесе соған теңестiрiлген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздерiне тәуелдi мемлекеттiк қызметшiлерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабында бетiмен кетушiлiк үшiн сыйлықтарды немесе көрсетiлетiн қызметтердi қабылдауы.

Мемлекеттiк қызметшi бiлмей келiп түскен, сондай-ақ ол тиiстi функцияларын осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып атқаруына байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусiз тапсыруға жатады, ал мемлекеттiк қызметшiге нақ сондай мән-жайларда көрсетiлген қызметтер үшiн ол республикалық бюджетке ақша аудару жолымен ақы төлеуге тиiс.

Өзiне сыйлықтар келiп түскен мемлекеттiк қызметшi жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақшаны арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады;

18) шетелдiк те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғалары есебiнен мемлекетiшiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауы, оған мыналар:

жұбайының (зайыбының), туыстарының өз есебiнен шақыруы бойынша;

егер олармен арадағы қарым-қатынастар шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетi мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдары арасындағы өзара уағдаластық бойынша тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;

жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық iс-шараларға қатысу үшiн ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын сапарлар, оның iшiнде осындай ұйымдардың жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарлар қосылмайды;

19) кредиттер, несиелер алуда, бағалы қағаздарды, жылжымайтын және өзге де мүлiктi сатып алуда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген артықшылықтарды пайдалануы.

2. Мемлекеттiк қызметшiнiң отбасы мүшелерi осы адам қызмет бабында солармен байланысты болатын шетелдiк те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғалары есебiнен сыйлықтарды және көрсетiлетiн қызметтердi, туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға құқылы емес. Мемлекеттiк қызметшi өзiнiң отбасы мүшелерi заңсыз алған сыйлықтарды жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусiз тапсыруға және өзiнiң отбасы мүшелерi құқыққа сыйымсыз пайдаланған қызметтер құнын республикалық бюджетке ақша аудару жолымен өтеуге мiндеттi.

51-бап. Мүдделер қақтығысы

1. Егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн жүзеге асыруына тыйым салынады.

2. Мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөнiндегi шараларды қабылдауға тиiс.

3. Мемлекеттiк қызметшi туындаған мүдделер қақтығысы немесе оның туындау мүмкiндiгi туралы өзiне белгiлi болған сәтте өзiнiң тiкелей басшысын немесе мемлекеттiк органның басшылығын ол жөнiнде жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.

Тiкелей басшы немесе мемлекеттiк органның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң өтiнiшi бойынша немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөнiндегi шараларды уақтылы қабылдауға, оның iшiнде:

1) мүдделер қақтығысы соған байланысты туындаған немесе туындауы мүмкiн мәселе бойынша мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруды басқа мемлекеттiк қызметшiге тапсыруға;

2) мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн өзгертуге;

3) мүдделер қақтығысын жою жөнiндегi өзге де шараларды қабылдауға тиiс.

4. Мемлекеттiк қызметшi, оның тiкелей басшысы және мемлекеттiк органның басшылығы өздерiне белгiлi болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөнiндегi шараларды қабылдамағаны үшiн тәртiптiк жауаптылықта болады.

52-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң сыбайлас жемқорлыққа

қарсы мiнез-құлқы

1. Мемлекеттiк қызметшiлер сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тиiс.

2. Мемлекеттiк қызметшiлер басқа мемлекеттiк қызметшiлер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiлерiнiң жолын кесуге тиiс.

3. Егер мемлекеттiк қызметшiде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпарат болса, ол мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнiндегi қажеттi шараларды қабылдауға, оның iшiнде жоғары тұрған басшыға, өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк органның басшылығына, уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Мемлекеттiк қызметшi өзiн басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндiру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға мiндеттi.

Мемлекеттiк органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бiр ай мерзiмде мемлекеттiк қызметшiнiң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзiн осы бұзушылықтарды жасауға көндiру жағдайлары туралы мәлiмдеулерi бойынша, оның iшiнде тексерулер ұйымдастыру және уәкiлеттi органдарға өтiнiштердi жолдау арқылы шаралар қабылдауға мiндеттi.

4. Мемлекеттiк органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзiн осы бұзушылықтарды жасауға көндiру жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттiк қызметшiнiң құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасайтын қудалаудан қорғау жөнiндегi шараларды қабылдауға мiндеттi.

5. Мемлекеттiк қызметшiлер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруын қиындататын әрекеттерге (әрекетсiздiкке) жол бермеуге тиiс.

6. Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық жасады деп жариялы түрде негiзсiз айып тағылған кезде ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бiр ай мерзiмде оны терiске шығару жөнiндегi шараларды қабылдауға тиiс.

9-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТШIЛЕРДIҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРIНIҢ

ӘЛЕУМЕТТIК КЕПIЛДIКТЕРI

53-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу қызметтiк мiндеттерiн мүлтiксiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдардың бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақталуына ықпалын тигiзуге, олардың адал және бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу мемлекеттiк қызметшiлер орындайтын жұмыстың сипатына, көлемiне және нәтижелерiне байланысты сараланып белгiленедi.

3. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк қызметшiлерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгiлеу тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

4. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

5. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.

54-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы

1. Мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күндi құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi.

Мемлекеттiк қызметшiлерге алғашқы және одан кейiнгi жылдардағы жұмысы үшiн жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келiсiмi бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында берiледi.

Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтiзбелiк үш күн қалғаннан кешiктiрiлмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берiлген жағдайда — берiлген күнiнен бастап күнтiзбелiк үш күннен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалыстары оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысының бiр бөлiгi демалыс ұзақтығының күнтiзбелiк екi аптасынан кем болмауға тиiс.

3. Мемлекеттiк қызметшiлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген тәртiппен, оның iшiнде олар жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқыған жағдайда жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк орган басшысының не жауапты хатшының, аппарат басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша мемлекеттiк қызметшiлер өздерiнiң келiсiмiмен жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттiк қызметшiлерге тиiстi жылдың кез келген басқа уақытында берiледi не келесi жылғы демалысына қосылады.

55-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және

әлеуметтiк қамсыздандыру

Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.

56-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк қорғау

шаралары

1. Мемлекеттiк қызметшiлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.

2. Тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғынжай құрылысы үшiн жер учаскелерi берiледi. Жер учаскелерiн берудiң шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi медициналық қызмет көрсетудi тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде белгiленген тәртiппен пайдаланады.

4. Мемлекеттiк орган таратылған (жойылған) жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi болған кезде функцияларын, өкiлеттiктерiн және (немесе) штат бiрлiктерiн беретiн мемлекеттiк органның қаражаты есебiнен төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленедi не осы тармақта көрсетiлген жағдайларда мемлекеттiк лауазым ұсынылады.

5. Мемлекеттiк орган қайта ұйымдастырылған кезде жаңадан құрылған мемлекеттiк органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiне олардың бiлiктiлiгiне сәйкес мемлекеттiк лауазым ұсынады.

6. Басқа мемлекеттiк органның, оның iшiнде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттiк органның функциялары, өкiлеттiктерi және (немесе) штат бiрлiктерi берiлген мемлекеттiк орган осы берiлген функцияларды, өкiлеттiктердi атқарған және (немесе) осы штат бiрлiктерiнде тұрған мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге олардың бiлiктiлiгiне сәйкес мемлекеттiк лауазым ұсынады.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарылуға тиiс. Кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi бар мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге басқа мемлекеттiк органның, оның iшiнде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттiк органның функциялары, өкiлеттiктерi және (немесе) штат бiрлiктерi берiлген мемлекеттiк орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейдi.

7. Мемлекеттiк органның штат саны қысқартылған кезде қысқартылатын мемлекеттiк лауазымды атқарып отырған мемлекеттiк қызметшiге кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленедi.

8. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi, бұл ретте жәрдемақының мөлшерi «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленгеннен төмен болмауы керек.

57-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң iссапарлар кезiндегi

кепiлдiктерi мен өтемақылары

1. Мемлекеттiк қызметшiлерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.

Мемлекеттiк қызметшiлерге iссапарда болған уақытына тәулiкақы алуға, межелi жерге жету және керi қайту үшiн жүрiп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепiлдiктер мен құқық берiледi.

2. Iссапардың барлық уақыты бойында iссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс орны (мемлекеттiк лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.

58-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының кепiлдiктерi мен

өтемақылары

Дипломатиялық қызмет персоналының кепiлдiктерi мен өтемақылары Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негiздерiн, сондай-ақ оны ұйымдастыру тәртiбiн айқындайтын заңда белгiленедi.

10-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТШIЛЕРДIҢ МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТТI ТОҚТАТУЫ

59-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк

қызметтi тоқтатуы

Мемлекеттiк саяси қызметшiнiң саяси лауазымда атқаратын өкiлеттiктерi:

1) ол Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

2) мемлекеттiк орган таратылған (жойылған);

3) мемлекеттiк саяси қызметшi өзiнiң кiрiстерi және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер ұсынған;

4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамаған;

5) өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға бермеген;

6) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;

7) мемлекеттiк саяси қызметшiге қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген;

8) мемлекеттiк саяси қызметшiнiң өкiлеттiктерiн доғару туралы жеке жазбаша өтiнiшi негiзiнде отставкасы қабылданған;

9) мемлекеттiк саяси қызметшiнi ол атқаратын лауазымға тағайындау (сайлау) құқығы берiлген лауазымды адам (орган) тиiстi шешiм қабылдаған;

10) басқа жұмысқа ауысқан;

11) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны не мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн бұрын қызметтен шығарылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттiк қызметке қабылдаған;

12) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы соған қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi аяқталғанға дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан адамды мемлекеттiк қызметке қабылдаған;

13) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi аяқталғанға дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан;

14) мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылатын көрiнеу жалған құжаттарды немесе мәлiметтердi мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде ұсынған;

15) егер Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында өзгеше көзделмесе, ол Қазақстан Республикасының заңында белгiленген зейнеткерлiк жасқа жеткен жағдайларда тоқтатылады.

Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын мемлекеттiк саяси қызметшiлер зейнеткерлiк жасқа жеткенi бойынша өз өкiлеттiктерiн жалғастыруды Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмi бойынша бес жылға дейiнгi мерзiмге жүзеге асыра алады;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негiздер туындаған жағдайларда тоқтатылады.

Мемлекеттiк саяси қызметшiнiң өкiлеттiктерi мемлекеттiк орган қайта ұйымдастырылған, мемлекеттiк қызметшiлердiң саны немесе штаты қысқартылған, мемлекеттiк саяси лауазым мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға өзгертiлген жағдайларда да тоқтатылуы мүмкiн.

60-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға

шығуы және қызметтен шығарылуы

1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша өтiнiшi негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы мемлекеттiк лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан уәждi түрде бас тартады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешiм жазбаша өтiнiш берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Отставкадан бас тартылған жағдайда саяси қызметшi қызметтiк өкiлеттiктерiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның қызметтен шығарылуға құқығы бар.

3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгiленген негiздерде және тәртiппен отставкаға өтiнiш бередi және отставкаға кетедi.

Егер отставкаға шығу негiздерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген болса, мемлекеттiк саяси қызметшiлер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жалпы негiздер бойынша қызметтен шығарылады.

4. Лауазымдық өкiлеттiктерiн өрескел бұзу, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз терiс қылықтар жасау мемлекеттiк саяси қызметшiнiң отставкаға шығуына негiз бола алмайды, ал қызметтен шығаруға негiз болып табылады. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен шығарудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

61-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк

қызметтi тоқтатуы

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына мыналар негiз болып табылады:

1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн олардың жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, олардың өз қалауы бойынша қызметтен шығару туралы өтiнiш беруi;

2) басқа мемлекеттiк лауазымға орналасуы;

3) мемлекеттiк қызметте болу мерзiмiн тараптардың өзара келiсiмi бойынша бiр жылға ұзарту құқығы ескерiлiп, олардың Қазақстан Республикасының заңында белгiленген зейнеткерлiк жасқа толуы;

4) еңбек шарты мерзiмiнiң аяқталуы не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылуы;

5) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген олардың өкiлеттiк мерзiмдерiнiң аяқталуы;

6) олар атқаратын мемлекеттiк лауазымдардың саяси лауазымдарға не жергiлiктi өкiлдi органдар азаматтарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тағайындайтын немесе олар сайланатын мемлекеттiк лауазымдарға өзгертiлуi;

7) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз кiрiстерi мен өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер ұсынуы;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мiндеттердi және (немесе) шектеулердi сақтамауы;

9) өзiне заңды түрде тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiктi қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы меншiк құқығымен тиесiлi үлестердi, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кiрiстер алуға әкелетiн өзге де мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға бермеуi;

10) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;

11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы;

12) қылмыс не қасақана қылмыстық терiс қылық жасағаны үшiн соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшiне енуi;

13) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн бұрын қызметтен шығарылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдау;

14) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы соған қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi аяқталғанға дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан адамды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдау;

15) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық iстiң Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатылуы, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органының немесе соттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi аяқталғанға дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатуы;

16) мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылатын көрiнеу жалған құжаттарды немесе мәлiметтердi мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде ұсынуы;

17) мемлекеттiк лауазымға тағайындалу кезiнде осы Заңда белгiленген талаптарға сай келмеуi;

18) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға конкурстан тыс орналасуы;

19) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;

20) осы Заңға сәйкес олардың жұмысын бағалаудың қанағаттанарлықсыз нәтижелерi;

21) мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық жасауы;

22) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де негiздемелер.

2. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына мемлекеттiк лауазымға тағайындау және мемлекеттiк лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адамның (органның) уәкiлеттi комиссия ұсынымы негiзiнде қабылданатын шешiмi де негiз болып табылады.

3. Осы баптың 1-тармағының 7), 8), 9), 11), 12), 13), 14), 15), 16) және 21) тармақшаларына сәйкес қызметтен шығарылған мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер терiс себептермен шығарылған болып танылады

4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi қызметтен шығаруды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы осы Заңға сәйкес жүргiзедi.

5. Қызметтен шығарумен келiспеген жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң жоғары тұрған басшылық алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлiмшелерiне не сотқа өзiн қызметтен шығару туралы шешiмге қатысты шағым жасауға құқығы бар.

6. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер болып табылатын басшыларының ауысуы жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси және (немесе) әкiмшiлiк қызметшiлердiң бастамасы бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң атқаратын мемлекеттiк лауазымдағы мемлекеттiк қызметiн тоқтатуына негiз болып табылмайды.

11-тарау. ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕР

62-бап. Мемлекеттiк қызметке қайта орналастыру

1. Адамды мемлекеттiк қызметке қайта орналастыру, егер оның өтiнiшi соттың ақтау үкiмi күшiне енген не ақтайтын негiздер бойынша қылмыстық iстiң тоқтатылуы туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш ай iшiнде берiлген болса, өтiнiш берген күнiнен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.

2. Мемлекеттiк қызметшi сот шешiмiмен мемлекеттiк лауазымға қайта орналастырылған жағдайда бұл лауазымнан осы негiз бойынша шығарылған адам үш ай iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен iшкi конкурстарға қатысуға құқылы.

3. Мемлекеттiк органнан қылмыс жасағаны үшiн сотталуына байланысты қызметтен шығарылып, кейiннен ақталған және тиiсiнше мемлекеттiк лауазымға қайта орналастырылған мемлекеттiк қызметшiлерге жұмыста мәжбүрлi түрде болмаған уақыты үшiн Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестiк заңнамасында белгiленген тәртiппен қылмыстық процестi жүргiзетiн органдардың заңсыз әрекеттерiмен келтiрiлген зиян өтеледi.

4. Мемлекеттiк қызметшiлер қызметтен заңсыз шығарылған жағдайда осыған байланысты оларға келтiрiлген нұқсан олар қызметтен шығарылған мемлекеттiк органның есебiнен толық көлемде өтелуге тиiс.

Қызметтен заңсыз шығарылған мемлекеттiк қызметшiлер бiлiктiлiк талаптарына сай келген жағдайда мемлекеттiк қызметке бұрынғы (олардың келiсiмiмен — соған тең) мемлекеттiк лауазымға қайта орналастырылады және қызметтен заңсыз шығарылғаннан кейiн қол жеткiзе алмаған барлық құқықтармен қамтамасыз етiледi. Бұл кезең мемлекеттiк қызмет өтiлiне қосылады.

63-бап. Аттестаттау

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттау тәртiбiн, оның мерзiмдерiн және аттестатталатын мемлекеттiк қызметшiлердiң санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмi бойынша өткiзiледi.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттауды өткiзу үшiн құрамына кемiнде бес адам кiруге тиiс аттестаттау комиссиясы құрылады. Аттестаттау комиссиясын төраға басқарады.

3. Аттестаттау қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешiмдердiң бiреуiн қабылдайды:

1) атқаратын мемлекеттiк лауазымына сай келедi және мемлекеттiк лауазымын жоғарылатуға ұсынылады;

2) атқаратын мемлекеттiк лауазымына сай келедi;

3) атқаратын мемлекеттiк лауазымына сай емес және мемлекеттiк лауазымын төмендетуге ұсынылады;

4) атқаратын мемлекеттiк лауазымына сай емес және қызметтен шығаруға ұсынылады.

4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсiз себеппен екi рет келмеген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер қызметтен шығарылуға ұсынылады.

5. Аттестаттаудан өтпеген және (немесе) мемлекеттiк органдарда өзге де, оның iшiнде төмен тұрған мемлекеттiк лауазымдарда мемлекеттiк қызметтi жалғастырудан бас тартқан мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер қызметтен шығарылуға тиiс.

6. Аттестаттау қорытындысы бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымын жоғарылату жоғары тұрған бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым болған және мемлекеттiк қызметшi осы лауазымға белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай келген жағдайда конкурстық рәсiмдер өткiзiлмей жүзеге асырылады.

7. Аттестаттау комиссиясының аттестаттау қорытындысы бойынша қабылдаған шешiмi мемлекеттiк қызметшiнi жоғары тұрған мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға ұсынуға, мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негiз болып табылады.

8. Мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк органның басшысына, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлiмшелерiне не сотқа аттестаттау комиссиясының шешiмiне қатысты шағым жасай алады.

64-бап. Мемлекеттiк органдарға шетелдiк жұмыскерлердi

тарту

1. Мемлекеттiк органдар уәкiлеттi комиссияның шешiмi бойынша шетелдiк жұмыскерлердi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдай алады. Шетелдiк жұмыскерлер мемлекеттiк лауазымдарға орналаса алмайды және лауазымды адамдар бола алмайды.

Шетелдiк жұмыскерлердiң лауазымдарын мемлекеттiк органдар уәкiлеттi комиссияның келiсiмi бойынша белгiлейдi. Мемлекеттiк органдар қабылдайтын шетелдiк жұмыскерлер қызметiнiң сапасы үшiн дербес жауаптылық мемлекеттiк органдардың басшыларына жүктеледi.

2. Мемлекеттiк органдарға жұмысқа қабылдау кезiнде шетелдiк жұмыскерлер Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiк органдарының мiндеттi арнайы тексеруiнен өтуге тиiс.

3. Шетелдiк жұмыскерлердi тарту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

65-бап. Мемлекеттiк қызмет саласындағы халықаралық

ынтымақтастық

Мемлекеттiк қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасы уәкiлеттi органының мемлекеттiк қызметтi одан әрi дамыту мен жетiлдiруге бағытталған, шетелдiк және халықаралық ұйымдар қатысатын бастамаларға, бағдарламалар мен жобаларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

Халықаралық ынтымақтастық мынадай бағыттарды қамтиды:

1) мемлекеттiк қызмет саласындағы халықаралық ұйымдарды құру және олардың қызметiне қатысу;

2) мемлекеттiк қызметшiлердi шет елдерде оқыту;

3) шетелдiк мемлекеттiк қызметшiлердi және өзге де адамдарды Қазақстан Республикасында оқыту;

4) мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша бiрлескен зерттеулердi жүзеге асыру.

66-бап. Мемлекеттiк қызметтi өткерудiң өзге де мәселелерi

Мемлекеттiк қызметтi өткерудiң осы Заңда реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарында, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде регламенттеледi.

12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

67-бап. Мемлекеттiк қызметтi қаржылық және

материалдық-техникалық қамтамасыз ету

Мемлекеттiк қызметтi қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

68-бап. Өтпелi ережелер

1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған азаматтар «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына «Б» корпусының кадр резервiнде болудың бiр жылдық мерзiмi өткенге дейiн конкурс өткiзiлмей тағайындалуы мүмкiн.

2. Осы Заңның 16-бабы 7-тармағы екiншi абзацының ережелерi 2017 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданыста болады.

69-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Заң, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 16-баптың 2-тармағын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

2. «Мемлекеттiк қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 21, 773-құжат; 2001 ж., № 13-14, 170-құжат; 2003 ж., № 4, 24-құжат; № 18, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 61-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2009 ж., № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 20, 158-құжат; 2012 ж., № 5, 36-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 123-құжат; 2013 ж., № 8, 50-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Мақала құрылған уақыты: 10.11.2017 16:08
Парақтағы соңғы өзгерістер: 10.11.2017 16:08
Қаралым саны: 642
@2018 Ақмола облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

Көкшетау қаласы, Абай көшесі 89, 2 қабат 225 кабинет

8 (7162) 25-75-42;

ukioz@akmo.kz